Самұрық-Энерго және China Power International Holding Limited қуаты 1 ГВт ЖЭС салу жобасы бойынша Жол картасына қол қойды

Самұрық-Энерго және China Power International Holding Limited қуаты 1 ГВт ЖЭС салу жобасы бойынша Жол картасына қол қойды

«Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті қарсаңында және Astana International Forum (AIF) аясында Астанада «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов China Power International Holding Limited (CPIH) Вице-президенті Ермагули Туэрди ханыммен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Павлодар облысында электр энергиясын жинақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жөніндегі жобаны іске асыру шеңберінде Жол картасына қол қойды. Құжат екіжақты ынтымақтастықтың келісілген басымдықтарын, негізгі кезеңдерін және күтілетін нәтижелерін көрсетеді.

Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестікті нығайту үшін, әсіресе орнықты даму саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету және «жасыл» экономикаға көшу контексінде жобаның стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

Жобаның келесі кезеңіне өту үшін қажетті негізгі жобалық келісімдерге — Инвестициялар туралы келісімге және Электр энергиясын сатып алу-сату шартына (PPA) тезірек қол қоюдың маңыздылығына, қаржыландыруды тартуға және 2026 жылы EPC-келісімшартын жасауға дайындыққа ерекше назар аударылды.

«Самұрық-Энерго» АҚ жобалау компаниясына қатысушылар құрамына кіруге және оны іске асырудың барлық кезеңдерінде жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге өзінің дайын екенін растады.