«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов жұмыс сапарымен компанияның Павлодар облысында орналасқан Богатырь Көмір, Екібастұз 1-МАЭС, 2-МАЭС энергетикалық объектілеріне барды.
«Богатырь Көмір» ЖШС-да Самұрық-Энерго басшысы компанияның 5 айдағы өндірістік-қаржылық қызметінің қорытындыларын тыңдады. Еншілес ұйымның бас директоры Қайрат Рғайбек «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығын көмір өндірудің өндірістік қуатын жылына 42 млн тоннадан 58 млн тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі кешенді даму жоспарымен және циклдық-ағынды аршу кешені (ЦААК) жобасының ағымдағы жай-күйімен таныстырды.
Екібастұз 2-МАЭС-те Қайрат Мақсұтов станцияның ағымдағы қызметінің нәтижелері, КҚК-ке дайындыққа қатысты жөндеу науқанын өткізу және «№3,4 блоктарды салу арқылы 2-МАЭС-ті кеңейту және реконструкциялау» инвестициялық жобасын іске асыру бойынша кеңес өткізді.
Келесі объект Б.Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС болды. Станцияның бас директоры Асан Наурызғалиев жөндеу жұмыстарын жүргізу және күзгі-қысқы кезеңге дайындық туралы баяндады.
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов жаңа түтін құбырын салу алаңын аралап көрді. Жоба жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу сатысында тұр. Құрылысты осы жылдың соңына дейін бастау жоспарлануда. Содан кейін Самұрық-Энерго басшысы 3-ші отын беру обектісін іске қосу құрылысының барысымен танысып, жобаны іске асыру қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша энергетикалық объектілердің бірінші басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді. Бұл ретте алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жөндеу науқанын өткізу мерзімдері мен сапасына және станциялар жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды.
Екібастұзға жұмыс сапары аясында Самұрық-Энерго басшысы Қайрат Мақсұтов қала әкімі Аян Бейсекинмен де кездесті. Кездесу барысында станциялардың күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы мәселелері талқыланып, Самұрық-Энергоның Екібастұз өңірінде іске асырып жатқан әлеуметтік жобалары таныстырылды.