Ақмола облысының әкімі және Самұрық-Энерго басшысы Көкшетау ЖЭО құрылысының барысын тексерді

Ақмола облысының әкімі және Самұрық-Энерго басшысы Көкшетау ЖЭО құрылысының барысын тексерді

Қазақстан Үкіметі Көкшетау ЖЭО-ны өз күшімен салу туралы шешім қабылдады. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін ЖЭО-ны Ресей Федерациясының жеңілдікпен қаржыландыруы есебінен салу жоспарланған болатын. Алайда, Ресей тарапының шешім қабылдауының кешігуіне байланысты «Самұрық-Қазына» Қоры Үкіметтің тапсырмасы бойынша жобаны қажетті қаржыландыру көзімен қамтамасыз етті және бүгінгі күні «Самұрық-Энерго» АҚ жаңа ЖЭО-ны салуға кірісті.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов Көкшетау қаласындағы ЖЭО құрылысының алаңына барып,  жұмыстардың барысын тексерді. Салынып жатқан станцияның белгіленген қуаты 240 МВт электр қуатын және 520 Гкал жылу қуатын құрайды. ЖЭО қаланың жылу энергиясына деген қажеттілігін жауып,  тұрғындарды тұрақты, сенімді жылумен және электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ЖЭО-ны салудың қала үшін де, жалпы өңір үшін де стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. 

«Бұл Көкшетау үшін тарихи оқиға десем, артық айтқандық емес. Жаңа ЖЭО ең өзекті мәселелердің бірі - жылу энергиясымен және ыстық сумен, әсіресе қыс мезгілінде, жабдықтау тапшылығын шешеді. Бұл жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, қаланың дамуына, жаңа өндірістерді іске қосуға және бизнесті дамытуға қуатты серпін береді», - деді әкім. 

300 гектардан астам аумақта станцияның өзі, газ тазарту жүйесі, күл үйіндісі, 110 кВ ашық тарату құрылғылары, мазут шаруашылығы, жабық көмір қоймасы және басқа да құрылыстар салынады.

Өңір әкімі мен Самұрық-Энерго басшысы Көкшетау ЖЭО құрылыс алаңында мердігер ұйымдардың қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. 

«Бүгін біз Ақмола облысының әкімімен бірге Көкшетау жылу электр орталығының құрылысын тексердік. Мердігер ұйымдардың өкілдері бүгінгі таңда атқарылған және жоспарланған жұмыстар туралы есеп берді. Станцияны Самұрық-Энергоның еншілес компаниясы – «Көкшетау ЖЭО» салады. Құрылыс кезінде заманауи Қытай жабдықтары қолданылады, сондықтан станцияның энергия тиімділігі жоғары, ал экологиялық әсері – төмен болады. Біз болашақта станцияның қуатын кеңейту мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Осы мақсатта қажетті инфрақұрылым салынады және қосымша энергия блогын салуға мүмкіндік болады», - деді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Мақсұтов.

Жобалаушы мен бас мердігер әкімге және «Самұрық-Энерго» Басқарма Төрағасына жұмыстардың орындалу барысы туралы баяндады. Қазіргі кезде инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары орындалды, жобалық құжаттама әзірленуде, дайындаушы зауыттарға жабдықтарды өндіруге тапсырыстар берілуде және алаңда дайындық құрылыс жұмыстары жүргізілуде. ЖЭО құрылысы 2028 жылдың соңына дейін аяқталады.