Қарағанды облысының Осакаров ауданында Қазақстандағы ірі жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысына ресми түрде бастау берілді. Қуаты 500 МВт болатын жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы үкіметаралық келісім аясында China Energy International Group компаниясымен бірлесіп, жүзеге асыруда.
Станция құрылысының басталуына арналған салтанатты рәсімге бейнебайланыс форматында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлинь, China Energy International Group директорлар кеңесінің төрағасы Цзяо Сюйбинь қатысты.
«Жаңа станция өңірді тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп, Қарағанды облысының одан әрі дамуына серпін береді. Бүгінгі рәсім – болашаққа деген сенімнің және Қазақстанның заманауи энергетикасының жүйелі дамуының айғағы», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Болашақ нысанның іргетасына естелік уақыт капсуласын «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, «Karaganda Wind Power» ЖШС-ның бақылау кеңесінің төрағасы Шао Юэбо және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қалады.
Өз сөзінде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басшысы Қайрат Мақсұтов жобаның өңірге инвестиция тартудағы және таза электр энергиясын өндіру үлесін арттырудағы маңызын атап өтті.
«Жобаны іске асыру барысында соңғы буындағы заманауи жел қондырғылары қолданылады. Станцияны пайдалану кезінде технологиялық үдерістерді басқару жасанды интеллект арқылы жүзеге асырылады. Бұл станцияның құрылысы Қарағанды өңірінде таза энергия өндіруге елеулі үлес қосады», – деді «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жел электр станциясының құрылысы жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бүгін Қарағанды облысы үшін маңызды оқиға. Біздің өңір – индустриялық әрі энергия тапшылығы бар аймақ. Жаңа жел электр станциясының құрылысы – бүл жаңа жұмыс орындары, жаңа өндірістерді іске қосуға қажетті жаңа қуат көздері», – деді әкім.
Жобаға тартылған жалпы инвестиция көлемі шамамен 600 млн АҚШ долларын құрайды. Жылдық электр энергиясын өндіру көлемі – шамамен 1,8 млрд кВт⋅сағ. Жел электр станциясын 2029 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.




