«Самұрық-Энерго» АҚ-да еншілес және тәуелді ұйымдардың 2025 жылғы сатып алу қызметінің қорытындылары бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Кездесу барысында компаниялар тобының сатып алу қызметінің негізгі көрсеткіштері қаралды. Атап айтқанда, сатып алудың жылдық жоспарының орындалуы, отандық тауар өндірушілермен өзара іс-қимыл деңгейі, ел ішіндегі құндылық үлесі, сондай-ақ тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу рәсімдерінің тиімділігі талқыланды. Қазақстандық өндірушілерді қолдау және сатып алу процестерінің тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша еншілес және тәуелді ұйымдарға «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету, сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беру, сондай-ақ ел ішіндегі құндылық үлесін арттыру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар, импортты алмастыру бағытындағы іс-шараларды жандандыру, офтейк-келісімшарттар жасау тәжірибесін кеңейту және сатып алу саласындағы корпоративтік негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ қойылған міндеттерді іске асыру компанияның сатып алу қызметінің тиімділігін арттырудың, ұлттық экономиканы нығайтудың және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамытудың маңызды факторы екені ерекше аталып өтті.
Компания отандық өндірушілерді қолдау, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру және елдің энергетика саласындағы тұрақты жеткізу тізбегін дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.



