«Самұрық-Энерго» АҚ-ның компаниялар тобында энергетикалық нысандардың қауіпсіздігі бойынша бірыңғай стандарттар талқыланды

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның компаниялар тобында энергетикалық нысандардың қауіпсіздігі бойынша бірыңғай стандарттар талқыланды

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Қауіпсіздік» департаментінің бастамасымен АлЭС алаңында энергетикалық инфрақұрылым нысандарының терроризмге қарсы қорғалуын, физикалық және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және еншілес ұйымдардың қауіпсіздік бөлімшелерінің басшылары, ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен салалық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Кеңес барысында энергетикалық инфрақұрылым нысандарының терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын іске асыру, ақпараттық қауіпсіздік бойынша корпоративтік стандарттардың орындалуы, сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылым нысандарын заманауи қауіп-қатерлерден қорғаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға байланысты тәуекелдерге ерекше назар аударылды.

Компаниялар тобының нысандарында технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйелерінің, SCADA жүйелерінің және электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйелерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірыңғай тәсілдерді енгізу перспективалары да қарастырылды.

Сонымен қатар, қатысушыларға «Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС әзірлеген заманауи күзет бекеттері мен бақылау-өткізу пункттерінің үлгілік жобалары таныстырылды. Бұл жобалар «Самұрық-Энерго» АҚ-ның өндірістік нысандарында қауіпсіздіктің бірыңғай корпоративтік стандарттарын қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шара аясында «KAZENERGY» қауымдастығының бастамасымен ұшқышсыз ұшу аппараттарын анықтау және оларға қарсы іс-қимыл жасауға арналған заманауи отандық шешімдердің мүмкіндіктері көрсетілді. Қатысушылар бірқатар мемлекеттік құрылымдарда қолданылып жүрген қазақстандық бағдарламалық-аппараттық кешеннің мүмкіндіктерімен танысты.