Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында Ақмола облысына келіп, өңір басшысы Марат Ахметжановпен бірге ірі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Сапар барысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Степногорск қаласында делегация жылу электр орталығында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты. Кәсіпорында негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 57%-ға дейін төмендету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жылу желілерінің тозу деңгейі де 59%-ға дейін азайтылған.
Жұмыс сапарының соңғы нысаны «Самұрық-Энерго» АҚ жүзеге асырып жатқан Көкшетау қаласындағы жаңа жылу электр орталығының құрылыс алаңы болды.
Сапар қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев барлық жобаларды уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
«ЖЭО құрылысы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Облыс орталығының тұрғындары бұл жобаның жүзеге асуын көп жылдан бері күтіп келеді. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет 124 теміржол вокзалын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде 16 вокзал Ақмола облысында орналасқан. Барлық жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етіп, жұмыс қарқынын жоғары деңгейде сақтау қажет»,
— деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Ақпарат көзі: https://t.me/KZgovernment/24417



