Самұрық-Энерго салып жатқан күн электр станциясында фотоэлектрлік панельдерді монтаждау басталды

Самұрық-Энерго салып жатқан күн электр станциясында фотоэлектрлік панельдерді монтаждау басталды

Түркістан облысының Сауран ауданында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы қарқынды жалғасуда. Нысанда күн модульдерінің металл конструкцияларына арналған іргетастарды орнату жұмыстары аяқталуға жақын, сондай-ақ алғашқы фотоэлектрлік панельдерді монтаждау басталды. Шамамен 800 гектар аумақта күнді автоматты түрде қадағалау жүйесімен жабдықталған 600 мыңға жуық соңғы үлгідегі заманауи панель орнатылады.

Жоба аясында электр энергиясын жинақтау жүйесін енгізу де көзделген. Бұл генерацияның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, электр энергиясын желіге берудің тиімділігін арттырады. Сонымен қатар, негізгі күштік трансформаторға, энергия жинақтау жүйесіне және тарату құрылғысына арналған іргетастардың құрылысы белсенді жүргізілуде. Жабдықтарды жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.

Станция құрылысына тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 200 млн АҚШ долларынан асады. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған, ал электр энергиясын алғаш рет желіге беру ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына жоспарланып отыр.

Күн электр станциясы іске қосылғаннан кейін жыл сайын 600 млн кВт·сағаттан астам экологиялық таза электр энергиясын өндіреді. Бұл еліміздің оңтүстік өңіріндегі электр энергиясы тапшылығын азайтып, елдің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырады.

Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес компаниясы – Qazaq Green Power PLC және Қытайдың Energy China компаниясы бірлесіп жүзеге асыруда.