
«Самұрық-Энерго» АҚ өз қызметін жүзеге асыратын өңір – Павлодар облысында тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды абаттандыруға және келушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаны іске асырды. Бұл ретте Қазақстанның екі көрнекті тұлғасы – ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен академик Шапық Шөкиннің есімдерімен байланысты тарихи-мәдени мұра нысандарына ерекше назар аударылды.
Павлодар облысының Баянауыл ауданы аймағындағы ағартушы, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі – еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келетін жұртшылық тәу ететін маңызды рухани орталық. «Самұрық-Энерго» АҚ тарихи кешеннің айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Кешен қасбеттеріне жарық шамдары орнатылып, санитарлық нысандарға апаратын жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды. Санитарлық тораптар жарықтандыру жүйесімен, сантехникалық жабдықтармен және автономды жылыту жүйесімен қамтамасыз етілді. Модульдік нысандардың кіреберіс алаңдары, қоршаулары бар баспалдақтармен, пандуспен жасақталды. Жаңартылған инфрақұрылым кешенге жылдың кез келген мезгілінде қолайлы жағдайда келуге мүмкіндік береді.

Мәшһүр Жүсіп өмірінің соңғы күндерін өткізген кесененің маңында шамамен 300 ағаштан тұратын саябақ сақталған. Ағаштарды сақтап, олардың жайқалып өсуіне жағдай жасау мақсатында «Самұрық-Энерго» АҚ автоматты суару жүйесін орнатып, сорғылар мен күн панельдерін қойды. Сондай-ақ аумақта су жинауға арналған резервуарлар орналастырылып, олар өзара құбырлар арқылы жалғанды.
Мәшһүр Жүсіптің және оның отбасының өмірімен тарихи тұрғыдан тығыз байланысты Сарыбұлақ бұлағын абаттандыруға да айрықша көңіл бөлінді. Бұлақты сақтау және қорғау мақсатында оның айналасы ретке келтірілді: су арнасы қоршалып, бастаудың үстіне ағаш қалқа орнатылды, маңына тас төселген алаң жасалды. Ал су ағынының үстінен металл қоршаулары бар жаяу жүргіншілер көпірі салынды.


Ағынды сулардың табиғи су айдынына түсуіне жол бермеу үшін оларды автономды септикке бұру көзделген.

Тағы бір маңызды жоба – Павлодар облысы Баянауыл ауданының Жаңажол ауылында орналасқан көрнекті ғалым-энергетик, академик Шапық Шөкиннің мемориалдық музейін жаңғырту жұмыстары болды.
Ұзақ жылдар бойы музей негізінен ауыл мектебінің күшімен күтіп-ұсталып келді. Ғимарат жөндеуді, ал келушілерді қабылдау жағдайлары жақсартуды қажет етті. «Самұрық-Энерго» ұжымының қатысуымен ғимараттың қасбеті жөнделіп, жарықтандыру жүйесі мен жиһаздары жаңартылды. Компанияның бұл жобаға қатысуының кәсіби мәні ерекше. Бұл – кезінде энергетика саласының негізін қалаған тұлғаның рухына көрсетілген құрмет. Бүгінде осы энергетика саласын еліміздің мыңдаған кәсіби мамандарынан құралған ұжым одан әрі дамытып келеді.

Іске асырылған барлық жобаның ортақ мақсаты – Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, атақты, елге белгілі отандастарымыздың есімдері мен еңбегін ұлықтау және тарихи маңызы бар нысандарға келушілер үшін қолайлы жағдай жасау. Осылайша, «Самұрық-Энерго» АҚ тарихи жадыны сақтауға, ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге және рухани мұрамызды дәріптеуге елеулі үлес қосып келеді.