Самұрық-Энерго басшысы Аңсар Айдаров Алматы ЖЭО-ларындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді

Самұрық-Энерго басшысы Аңсар Айдаров Алматы ЖЭО-ларындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді

2026 жылғы 30-31 қазанда «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аңсар Айдаров Алматы жылу электр орталықтарындағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. «АлЭС» АҚ басшылығымен бірге 2-ЖЭО және 3-ЖЭО құрылыс алаңдарын аралады.

Алматы 3-ЖЭО-да «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы станцияны қайта құру жобасының іске асырылу барысымен танысты. Бас мердігердің ақпараты бойынша, №1 газ турбинасы мен генератор іргетасқа орнатылып, жобалық ось пен белгіге сәйкес орналастырылды. Қосалқы жабдықтарды монтаждау жұмыстары жалғасуда. №1 бу турбиналық қондырғысының іргетасын салу жұмыстары аяқталды, кәдеге жаратушы қазандықтың металл конструкциялары орнатылып, қыздыру беттері мен барабандары монтаждалды, түтін мұржаларын монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар газ дайындау пунктін, циркуляциялық сорғы станциясын, градирнялар мен су дайындау қондырғысын қоса алғанда, станцияның қосалқы нысандарын салу жұмыстары күшейтілді.

Алматы 2-ЖЭО-да Аңсар Айдаров үш газ турбинасын, бу турбинасын және су жылыту қазандығын аралап, олардың жай-күйімен танысты. 2026 жылғы 31 қазанда табиғи газға көшірілген су жылыту қазандығы Алматы қаласының орталық жылу желісіне алғаш рет жылу берді. Осылайша, жаңғыртылған стансадан жылу энергиясы желіге алғаш рет жеткізілді.

Құрылыс алаңдарын аралау қорытындысы бойынша Самұрық-Энергоның басшысы Аңсар Айдаров «АлЭС» АҚ және мердігер ұйымдардың қатысуымен кеңес өткізді. Ол жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтіп, энергетикалық нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін тиісті шараларын қабылдауды тапсырды.