«Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы шешімімен (№70/22 хаттама) «Арнайы киім» сатып алу санаттық стратегиясы (бұдан әрі – Стратегия) бекітілді. Стратегияның қамту аясына Қордың портфельдік компаниялары, оның ішінде «Самұрық-Энерго» АҚ және оның еншілес әрі тәуелді ұйымдары енгізілді.
Стратегияға сәйкес салалық ерекшеліктерді ескере отырып, «Самұрық-Энерго» АҚ және оның еншілес әрі тәуелді ұйымдары үшін арнайы киім мен жеке қорғаныш құралдарына қойылатын бірыңғай техникалық талаптар стандартының (бұдан әрі – Стандарт) портфельдік компания деңгейінде бекітілуі көзделген.
Стратегияны іске асыру шеңберіндегі сатып алу рәсімдері Портфельдік компанияның әзірленген және бекітілген бірыңғай техникалық ерекшелік бойынша стандарттары негізінде жүргізіледі.
Стратегияны іске асыру аясында «Самұрық-Энерго» АҚ Стандартты өзектендіріп, оның жаңа редакциясын бекітті.
Стандарттың жаңа редакциясында талаптарды жүйелеу және біріздендіру көзделген. Атап айтқанда, алғаш рет арнайы аяқ киімге қойылатын талаптар бекітіліп, жеке қорғаныш құралдарына қойылатын талаптар өзектендірілді, арнайы киімнің маталары мен фурнитурасына қойылатын талаптар нақтыланды, сондай-ақ техникалық талаптарды әртүрлі түсіндіру мүмкіндігін болдырмайтын көрнекі материалдар енгізілді.
Белгіленген талаптардың қолдануға жарамдылығын растау мақсатында «Самұрық-Энерго» АҚ 7 отандық тауар өндірушінің қатысуымен арнайы киім үлгілеріне тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар жүргізді.
Сондай-ақ Стратегияда алдын ала біліктілік іріктеуінен өткен отандық тауар өндірушілер арасында ашық тендер өткізу арқылы тапсырыс берушілерді сапалы арнайы киіммен қамтамасыз ету қарастырылған.
Стратегияның бастамаларының бірі – отандық өндірушілерді қолдау және ел ішіндегі құндылық үлесін арттыру, оның ішінде шикізаттың (маталардың) жергілікті өндірушілерін қолдау жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Осы бастама шеңберінде шарт талаптарында жеткізушілердің отандық өндірісте шығарылған шикізатты, оның ішінде маталарды, фурнитураны және жылытқыш материалдарды міндетті түрде пайдалануы көзделген. Бұл жергілікті өндірісті дамытуға және өнімнің жергіліктендіру деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Стратегияны іске асыру қорытындылары бойынша отандық өндірушілер үлесінің және ел ішіндегі құндылық үлесінің өсуінің оң динамикасы байқалады.